Қайтейік енді
04.06.2026,
в 15:00
34
Елімізде автокөлік арзандады. Статистика бюросының дерегінше, бір жыл ішінде салондағы темір тұлпар шамамен 18% арзандаған, деп хабарлайды Жетінші арна.
Астананың автосалондарында қытай көлігі қаптап тұр. «Былтыр күзде Алматыдағы зауыт ашылғалы кейбір көлік моделінің бағасы шынымен 7-15 пайызға түсті», – дейді сатушылар.
– Changan, Chery, Haval, және Tank автокөліктері нарықта сұранысқа ие. Бағалары арзандағандықтан, көліктер өте жақсы жабдықталған. 360 камералы болады, Қазақстанның климатына негізделген, – дейді Mycar орталығы сату бөлімінің менеджері Бақдәурен ДИХАН.
Ең арзан Changan бағасы 6 млн 990 мыңнан басталады. Chery де сол маңайда. Haval 1-1,5 млнға қымбаттырақ. Корея, Жапония мен Еуропада шығарылатын көліктің құны аспандап кеткен соң, жұрт көрпесіне қарай көсіліп, қытайлық марканы жағалай бастаған.
– Көліктердің барлығына төмендетілген бағамен 2 млн-ға дейін жеңілдік беріп жатырмыз. Jetour көлігінің бағасы 6 млн 990 мың теңгеден басталады. Соуист бағасы бізде 10 млн 490 мың теңгеден басталады, – дейді Jetour Allur сату бөлімінің менеджері Нұрқанат ШАЙҚҰЛОВ.
Байқасақ, арзан көліктің бәрі – қытайлық бренд. Қазақстан автомобиль одағының дерегінше, соңғы бес жылда аспан асты елінен келетін автокөліктердің үлесі 20 есе артқан. Егер 2020 жылы қытайлық брендтер барлық сатылған жеңіл көліктің небәрі 2 пайызын құраса, биыл бұл көрсеткіш 39 пайызға жеткен. Яғни, қазір Қазақстанда сатылып жатқан әрбір үш көліктің бірі қытайлық маркаға тиесілі.
Неге олай екенін сарапшылардан сұрадық. Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағы президентінің айтуынша, себебі елдегі автокөлік зауыттарында қытайлық көліктер көптеп құрастырыла бастаған.
– Бағаның төмендеуіне келсек, үш қытайлық бренд: Changan, Haval мен Chery бұрын шетелден импортталатын. Қазір олар Қазақстанда құрастырыла бастады. Бұл өз кезегінде көлік бағасының арзандауына әсер етті. Себебі өндірісті жергілікті ету және мемлекеттік қолдау шаралары импортпен салыстырғанда шығынды азайтуға мүмкіндік береді, – дейді Өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат ЕЛАМАНОВ.
Десе де былтыр Қазақстанда ең көп сатылған көлік тізімінде қытайлық брендтер алдыңғы қатарда емес. Үздік үштікте Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Kia Sportage көліктері тұр. Changan мен Chery ондықтың соңында.
– Бүгінде шынымен де көлік бағасы төмендеп жатыр, себебі бюджеттік сегментте сатып алушылар үшін жақсы ұсыныс көп. Оған қоса дилерлер мен өндірушілер халыққа көлікті жаңартуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламаларды ұсынып отыр, – дейді Қазақстан автокөлік одағы президенті Анар МАҚАШЕВА.
Қытай көліктері жаулап алғалы нарықта бәсеке көбейді. Былтыр елімізде 235 мың жаңа көлік сатылса, биыл төрт айда 65 мың машина салоннан әкетілген. «Өндірушілер де, импорттаушылар да енді брендіне қарамай, темір тұлпарды мейілінше арзан бағамен ұсынуға тырысады», – дейді сарапшылар.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
02.06.2026,
11:00
02.06.2026,
10:00
01.06.2026,
10:00
01.06.2026,
12:00
Реклама
Реклама