«ҚазМұнайГаз» бір қызметкерге айына 9 млн теңге шаша бере ме

Қайтейік енді

19.08.2026,

  в 15:00

270

«ҚазМұнайГаз» «Samruk Business Academy» арқылы қызметкерлерді қаншаға алғанын жасырып отыр

Мұнай саласына кадрлар тауып беруді миллиардтаған теңгелік табысқа айналдырған «Samruk Business Academy» мекемесі туралы айтудан әлі жалықпадық.

2026 жылдың шілдесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Samruk Business Academy» -мен персонал ұсыну (аутстаффинг) қызметтері бойынша қосымша келісім жасасыпты. Келісімшарт сомасы – 8,6 млрд теңге, алайда орындалған сомасы 2,6 млрд теңге деп көрсетілген.

Аутстаффинг дегеніміз – бір компания қызметкерлерді өз штатына жұмысқа алып, жалақы мен салықтардың бәрін өзі көтереді, бірақ ол қызметкерлері тапсырыс берген басқа компанияға жұмыс істейтін әдіс.

Қосымша келісім «бір көзден» алу әдісімен жыл соңына дейін жасалған. «Samruk Business Academy» жекеменшік мекемесі «ҚазМұнайГазға» мынадай мамандарды ұсынуы тиіс болған:

Хатшы – жұмыс тәжірибесі жоқ.

Маман: экономист, заңгер, бухгалтер, инженер, аудармашы, тапсырмалардың орындалуын бақылау жөніндегі инспектор – жұмыс тәжірибесіне талап қойылмайды.

Аға маман: инженер, бухгалтер, заңгер, экономист, аудармашы, тапсырмалардың орындалуын бақылау жөніндегі инспектор – кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс, мұнай-газ компанияларындағы тәжірибесі болғаны жөн.

Жетекші маман: инженер, бухгалтер, заңгер, экономист, аудармашы, тапсырмалардың орындалуын бақылау жөніндегі инспектор – кемінде 4 жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс, мұнай-газ компанияларындағы тәжірибесі болғаны жөн.

Мұнай-газ бағыты бойынша үйлестіруші – кемінде 6 жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс, мұнай-газ компанияларындағы тәжірибесі және кемінде 3 жыл басқарушылық тәжірибесі болғаны жөн.

Бас маман, бизнес-серіктес – магистр немесе MBA дәрежесі, кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс, мұнай-газ компанияларындағы тәжірибесі және кемінде екі жыл басқарушылық тәжірибесі болғаны жөн.

Көмекші – кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс, мұнай-газ компанияларындағы тәжірибесі болғаны жөн.

Бас маман – жоба жетекшісі – тиісті бағыт бойынша сертификаты, магистр немесе MBA дәрежесі, кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі және кемінде 2 жыл басқарушылық тәжірибесі болуы тиіс.

Бас сарапшы – тиісті бағыт бойынша сертификаты, магистр немесе MBA дәрежесі, кемінде 6 жыл жұмыс тәжірибесі және кемінде 5 жыл басқарушылық тәжірибесі болуы тиіс.

Барлығы 24 маман. Шарт сомасы 8,6 млрд теңге, ал орындалу сомасы 2,6 млрд теңге болғандықтан, егер ҚМГ 12 ай ішінде аутстаффингке 2,6 млрд теңге жұмсаған деп есептесек, бір маман жылына 108 млн теңгеге немесе айына 9 млн теңгеге түседі. «Samruk Business Academy» маусым айына дейін жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын орындалған жұмыстардың бес бекітілген актісін тапсырған.

Hronika.kz жолдаған редакциялық сауалға ҚМГ-нің адам ресурстарын басқару департаментінің басшысы Шолпан ДЖУМАГАЗИЕВА жауап берді (аутстаффинг жөніндегі келісімшарттар осы кісінің атынан жиі жасалады).

««ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ұйымдық құрылымы, штат саны және еңбекақы төлеу қоры Қоғамның Директорлар кеңесімен бекітіледі. Тиісінше, қызметкерлерді штатқа қабылдау бекітілген ұйымдық құрылым мен штат саны шегінде жүзеге асырылады. Бұл ретте жекелеген функцияларды орындау үшін қосымша персоналды тарту қажеттілігі туындауы мүмкін.

Мұндай жағдайларда Қоғам Еңбек кодексінің 137-1-бабында көзделген персоналды ұсыну тетігін пайдаланады. Бұл тетік заңнамада көзделген жұмысты ұйымдастыру тәсілі болып табылады және бекітілген штат санын ұлғайтпай-ақ персоналды тартуға мүмкіндік береді. Тартылатын мамандардың саны мен лауазымдар тізбесі іске асырылатын жобалар мен Қоғамның өндірістік қажеттілігіне қарай жасалған шарт талаптары шегінде айқындалады», – делінген редакциялық сауалға берілген жауапта.

ҚМГ сондай-ақ персоналды ұсыну қызметтерін сатып алу «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» ҚР Заңына сәйкес жүзеге асырылатынын хабарлады. Бұл тетіктің таңдалуына ҚМГ-нің бекітілген штат саны, сондай-ақ орындалатын міндеттердің сипаты себеп болған.

«Жұмыстардың бір бөлігі уақытша немесе жобалық сипатқа ие, осыған байланысты олар үшін тұрақты штат бірліктерін құру көзделмеген. Шарт бойынша шығыстар Қоғамның бекітілген бюджеті шегінде жүзеге асырылады. Қызметтердің көлемі мен құны нақты қажеттілікке қарай айқындалады, ал төлем іс жүзінде көрсетілген қызметтер үшін жасалады.

Шарт бойынша Қоғам қызметтердің тапсырыс берушісі болып табылады. Тартылған қызметкерлердің жұмыс берушісі – жіберуші тарап, яғни «Samruk Business Academy» ЖМ. Еңбек кодексінің 137-1-бабына сәйкес, жіберуші тараптың қызметкерлері қабылдаушы тараптың мүддесі үшін, оның басқаруы мен бақылауында еңбек функцияларын орындайды, сонымен бірге жіберуші тараппен еңбек қатынастарын сақтайды. Осыған байланысты еңбекақы төлеу, демалыстар беру, оқыту, әлеуметтік кепілдіктер және еңбек қатынастарына қатысты өзге де мәселелер жұмыс беруші болып табылатын «Samruk Business Academy» ЖМ-нің құзыретіне жатады», – деп хабарлады ҚМГ.

Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» келісімшарттың құны персоналды ұсыну бойынша кешенді қызметтің құнын білдіретінін және ол тартылған қызметкерлердің еңбекақы төлеу қоры емес екенін айтты.

«Сауалда келтірілген бір маманның құнын есептеу жалпы шарт құнын қызметкерлер санына бөлуге негізделген және нақты қызметкердің нақты еңбекақы мөлшерін көрсетпейді, сондықтан оның жалақысын анықтау үшін пайдаланылмайды. Қоғам нақты қызметкерлердің жалақысын емес, көрсетілген қызметтің құнын төлейді. Қызметкерлердің сыйақы мөлшері, сондай-ақ қызметтер құнын еңбекақыға, салықтар мен міндетті төлемдерге, әкімшілік және өзге де шығыстарға бөлу шарт орындаушысының шаруашылық қызметі шеңберінде айқындалады. Қоғамда орындаушының шығындарының ішкі құрылымы туралы ақпарат жоқ», – деп жауап берді «ҚазМұнайГаз».

Әрине, сауал жолдай отырып, біз нақты сұрақтарға нақты жауап аламыз деп үміттендік. Біз бір қызметкердің құны қанша, бұл қызметкердің нақты жалақысы қанша және олардың саны қанша екенін сұрадық. Өйткені нарық бойынша Астанадағы фирмалар хатшы немесе офис-менеджер лауазымына 350-450 мың теңге, бухгалтер немесе аудармашы лауазымына 400-700 мың теңге жалақы ұсынады. Бірақ ол сұрақтардың ешқайсысына «ҚазМұнайГаз» жауап бермеді.

Сондықтан «ҚазМұнайГаздағы» хатшы мен көмекшінің нақты қанша алатынын, ал «Samruk Business Academy» қанша табыс табатынын анықтау мүмкін болмады. Ол ақшаның қайда кететіні, мұнайдан түсетін ақшаны ұлттық компания несіне соншалық емін-еркін жұмсайтыны да белгісіз болып қалды.

Осылай аутстаффингке жұмсалатын, экономикалық тұрғыдан негізделмеген шығын ҚМГ-нің қаржылық нәтижесін төмендетіп, компанияның салық салынатын табысын азайтып, тиісінше мемлекеттік бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығының сомасын төмендетеді.

Фото: sba.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!