Қайтейік енді
13.05.2026,
в 10:30
496
AXON жобасы – жасанды интеллектке негізделген нейротехнологиялық платформа. Оның авторлары нейротехнологиялар нарығына арналған құрылғылар тұжырымдамасын ұсынып, өнімнің құнын есептеп, тұтынушылардың түрлі санаттарына арналған пакеттік шешімдер ойластырған екен. Осы үшін олар Алматыда өткен Shoqan Startup бағдарламасының жеңімпазы атанды. Әрине, бүгінгі заманда ешкім ештеңеге таң қалмайтын болған. Бірақ бұл жобаның авторлары – 10-сынып оқушысы Аян ӘЛМҰХАМЕД пен 11-сынып оқушысы Әлимансұр ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ екенін айтуымыз керек.

AXON жобасы мен жас дарындардың басқа да ондаған идеяларының артында Shoqan School-да құрылған бірегей дайындық жүйесі тұр.
Мектептің негізін қалаушылар – кәсіпкер Кеңес РАҚЫШЕВ пен эколог Әсел ТАСМАҒАМБЕТОВА – жасөспірімдерден идеядан бастап дайын өнімге дейін жете алатын заманауи кәсіпкер даярлауды мақсат еткен.
Осылайша Shoqan Startup инкубациялық бағдарламасы дүниеге келді.
Бағдарламаның кураторлары ретінде Гарвард түлегі Шадияр ЛЕС пен fabriqa.kz және smetahub.kz жобаларының теңқұрылтайшысы Денис СКОРОМОХОВ жұмыс істеді. Қазылар алқасының құрамында танымал кәсіпкерлер мен инвесторлар – Арманжан БАЙТАСОВ, Қанат КӨПБАЕВ, Ұлан ӘШІМХАНҰЛЫ, Денис ЛЕКОМЦЕВ, Рустам ТИМИРБЕКОВ және Аблимит РАХМАТУЛЛАЕВ болды.

Shoqan Startup бағдарламасы 2025 жылдың желтоқсанында басталып, бірнеше іріктеу кезеңінен тұрды. Оқушылар өз идеяларын ұсынып, кәсіпкерлік негіздерін меңгерді, MVP жасады, нарықты талдады, customer development-пен жұмыс істеді, прототиптер әзірледі және инвесторлар алдында жобаларын қорғауды үйренді.
Жалпы, Shoqan School оқушылары бүгінде қандай ауқымды идеяларды қолға алғанын түсіну үшін жеңімпаздардың жобаларына көз жүгіртейік. Басқа балалар болашақ мамандығын таңдауға енді кіріскенде, бұл балалар жасанды интеллектке негізделген нейротехнологиялық платформалар жасап қана қоймай, Орталық Азияға арналған медициналық экожүйелерді әзірлеп, нақты нарыққа шығуға қабілетті автономды экологиялық шешімдер ұсынуда.
Мәселен, AXON жобасын жасағандардан кейінгі екінші орынды 9-сынып оқушысы Сандуғаш ӨМІРШИНА иеленді. Оның Vestra жобасы – AI-көмекшімен жабдықталған қосымша. Ол жасөспірімдерге жеке қаражатты басқаруға, инвестициялауды үйренуге және капитал қалыптастыруға көмектеседі.

Үшінші орынды 8-сынып оқушылары Мағжан МЫҢЖАСАР, Сырым АЛУАДИН және Мағжан АЛМЕН командасы иеленді. Олардың Greencycle жобасы – органикалық қалдықтарды тыңайтқышқа айналдыратын мобильді қайта өңдеу жүйесі. Олардың компостері күн панельдерінің арқасында автономды жұмыс істейді және оны фермерлік шаруашылықтарда, саяжайларда әрі қалада пайдалануға болады.
Үшінші орынды бөліскен тағы бір жоба – Takhet+. Оның авторы Баймұхан АЛАН пациенттерді, дәрігерлер мен клиникаларды бірыңғай цифрлық платформаға біріктіретін ауқымды медициналық жүйе әзірледі. Жоба тек Қазақстанға ғана емес, ТМД мен Орталық Азия нарығына да бағытталған.
Shoqan Startup финалына сондай-ақ өсімдіктердің өсуін ынталандыратын биостимулятор, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған қосымша табыс платформасы, қызметкерлерді жалдау сервисі, қазақ тіліндегі дамытушы боямақтар және пайдалы тағамдарға арналған ақылды станция жобалары шықты.
Тағы бір маңызды жайт – жасөспірімдер өз жобалары үшін алғашқы инвестицияларды өздері-ақ тапты. 2026 жылы бағдарламаның жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады. Бірінші орын алған AXON нейротехнологиялық платформасының авторлары 2 миллион теңге иеленді. Vestra қаржылық AI-қосымшасының авторы екінші орын үшін 1,5 миллион теңге алды. Үшінші орынды бөліскен Greencycle мен Takhet+ жобаларының әрқайсысына 1 миллион теңгеден грант берілді. Сонымен қатар Shoqan Startup бағдарламасының барлық қатысушысы стартаптарын одан әрі дамыту үшін 500 мың теңгеден алды.
Бұл – балалардың алғашқы қадамдары, алғашқы стартаптары және өз ақылымен тапқан алғашқы инвестициялары. Әрине, дәл осы Shoqan School түлектері таяу болашақта Қазақстандағы ең ірі инновациялық жобалардың басында тұруы әбден мүмкін.
Фото: Shoqan School ұсынды.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
10.05.2026,
10:00
09.05.2026,
18:00
08.05.2026,
15:22
12.05.2026,
18:00
06.05.2026,
18:00
Реклама
Реклама