Қайтейік енді
02.06.2026,
в 15:00
208
Түркістан облысының шаруалары шелектеп жауған жауынан кейін егін алқабындағы қауындар шіріп кетті деп шулады. Ерте көктемгі еңбегі зая кеткен диқандар бұл жағдай жасанды жаңбырдың салдары екеніне сенімді, деп хабарлайды Информбюро 31.
Көпшілік биыл пайда таппақ түгілі шығынды да өтей алмай тығырыққа тірелген. Олар жаңа технологияның әзірге Жетісайға қажеті жоқ дейді.
10 гектар жерге қауын еккен Мәлік ШАХАЛИЕВ еңбегім еш кетті деп қынжылады. Өйткені апта бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін әне-міне жинап аламыз деген жемістің бәрі шіріп кетті деп отыр.
– Бұл жаңбыр бір түсініксіз жаңбыр болды. Жоқ жерден бірден құйып кетеді. 1-2 сағаттың ішінде егін алқабы көлге айналып, ертеңіне күн шығып, соның нәтижесін міне көз алдарыңызда. Ешқандай да пайдасын көріп жатқан жоқпыз. Таудағы шөптерге жақсы болмаса, диқандарды шығынға батырып жатыр. Еккеніміздің 80 пайызы құртылды, – дейді шаруа Мәлік Шахалиев.
Жетісайлықтардың негізгі күнкөрісі – осы егін шаруашылығы. Ала жаздай мақта мен қауын-қарбыз өсіретін тұрғындар жасанды жаңбырдан кейін титықтап қалдық дейді. Диқандар өнім алу үшін кемі 5 миллион теңге жұмсаған. Жердің өзін жалға алып жұмыс бастаған жұрт енді шығынды кімнен өтерін білмей жүр.
– Үкімет бізге ескерту керек еді ғой жасанды жаңбырды. Анау көктемде егіс егетін кезде. Біз соған қарап басқа дақыл егетін едік. Солярканың өзі қымбат. Селитраның өзі 180 теңге қазір. Былтыр 100 теңге болған. Аммиак күкірт шашу керек бұған. Былтыр 4 мың болған. Биыл 15 мың теңге. Есептей беріңіз, – дейді тағы бір шаруа Данияр СЕРІКБАЕВ.
Ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері қауындардың шіріп кетуі жаңбырдан емес деп отыр. Өнімнің бұзылуына таралып жатқан бактериялық ауру себеп екен. Мамандар қазір оның пайда болу себебін анықтауға кірісіпті.
“Аталған мәселе бойынша нақты фитосанитарлық диагноз қою, ауру қоздырғышын анықтау және тиісті қорытынды беру жұмыстарын уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қауын алқаптарының жағдайын зерделеу және шаруаларға қажетті консультативті қолдау көрсету жұмыстарын ұйымдастыруда”, деп хабарлады Түркістан облысы Ауыл шаруашылық басқармасының баспасөз қызметі.
Диқандар күндіз-түні жаңбырдың жаумаса деп тілейді. Өйткені нөсердің кесірі қауынға ғана емес қарбызға да тие бастаған.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
27.05.2026,
12:00
01.06.2026,
10:00
30.05.2026,
12:00
01.06.2026,
12:00
Реклама
Реклама