Түркістанда берілген үйлер бір ай өтпей бүліне бастады

Қайтейік енді

20.07.2026,

  в 14:30

259

Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің қабырғалары қисық

Түркістан қаласында бір ай бұрын берілген үйлердің сапасына қатысты мәселе шықты. Төбесінен су сорғалап, қабырғасы қақыраған баспаналар бюджеттің қаржысына салынған. Оны мемлекеттік бағдарламамен аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар алған, деп хабарлайды Информбюро 31.

Бірақ жылдар бойы кезек күтіп қол жеткізген қуаныштары қазір қорқынышқа айналыпты. Түркістан қаласындағы бес қабатты бұл үйлер 4 маусым, рәміздер күні берілген. Содан бері сапасына қатысты біраз мәселе шығыпты. Бесінші қабаттағы үйлердің төбесінен су ағып, сылақтары ойылып түскен. Ал ондағы тамшы күннің ысығанына қарамастан әлі күнге дейін сорғалап тұр дейді жаңа қоныс иелері.

– Қазір далада 50 градус ыстық болып тұр Түркістанда. Жауын мүлдем жоқ. Бір аптадан асты жауынды көрген жоқпыз. Бірақ міне, төбемізден су тамшылап тұр. Жерге қарай тамып тұр. Қайдан су келіп жатыр? Ертең жаңбыр жауғанда қандай болады бұл, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Гүлдана УСИНОВА.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға берілген үйдегі былық мұнымен бітпейді. Мемлекеттік бағдарламамен табысталған баспананың қабырғалары қисық, ал түсқағаздары қазірдің өзінде жұлынып жатыр. Айта кету керек, үйге көшіп келген көпшіліктің өзі онда қонуға қорқамыз дейді. Кейбірі төбеден аққан тамшыдан қашып балконда ұйықтайды екен.

– Тоқ жүйесінде, мысалы, лампочка саласың, күйіп кетеді. Одан кейін терезеден ауа өтетіні бар. Мен өзім қазір балконда жатып жүрмін. Үйдің ішінің құрылысы осындай. Ешқандай көңіл толатын нәрсе көріп тұрған жоқпын, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Әділет НҮКЕ.

Қолына кілтін алғанына енді ғана бір ай болған бұқара осының бәрін айтып, әкімдік өкілдерінен бастап, прокуратураға дейін арызданған. Алайда мәселеге мән берген жан болмапты. Ал осыған дейін жолатпады деген жауаптылар бұл жолы жұртпен кездесуге өздері келіпті.

– Қатты жауын әсерінен шатырдан су өте фактілері болған. Оны біз өзіміз фото-видео жасадық. Мердігерге қалпына келтіру туралы заңдылығы бар. Сол бойынша тексерту берілді екі рет. Қазіргі таңда мердігердің айтуынша, материал толық алды. Қалпына келтіру жұмыстарын екі-үш күнде жасаймыз деп уәдесін беріп жатыр, – дейді Дәурен МӘУЛЕНОВ, Түркістан қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары.

Мемлекет берген тұрғын үй үшін пәтер иелері айына 17 мың 600 теңге төлейміз дейді. Халық кірмей жатып сапасына күмән туған тұрғын үйдің тым болмағанда қайта жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілсе деп тілейді.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!