Үш ажалға себеп болған экс-полицей кінәсін мойындамай отыр

Қайтейік енді

07.09.2026,

  в 13:30

138

Айыптау актісіне сәйкес, ол тізгінге масаң күйде отырған

Алматы облысында үш адамның өмірін жалмаған жан түршігерлік жол апатына қатысты сот басталды. Айыпталушы — Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының экс-полицейі, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Айыптау актісіне сәйкес, ол тізгінге масаң күйде отырған. Жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан көлікке соғылып, үш ажалға себеп болған. Бірақ экс-полицей кінәсін мойындамай отыр.

Үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты соттың алдын ала отырысында прокурор айыптау актісін оқып берді. Абылай есімді экс-полицей жол ережесін өрескел бұзып, Алматы – Қорғас тас жолында қарсы бағытпен жүрген. Сондай-ақ оның масаң күйде болғаны сараптама қорытындысымен расталыпты.

– ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ Абылай автомобильді басқаратын адам бола тұра, алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидасын бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекетті, яғни ҚР ҚК 345-те 1-бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасаған деп айыпталады, – деді прокурор Ернат Мүсірбай.

Сот алқабилердің қатысуынсыз өтеді. Сотталушы жәбірленушілерден кешірім сұрап, көңіл айтты. Бірақ кінәсін мойындамады.

Дегенмен сол күні қасында болған досы оқиғаның қалай болғанын жасырмай айтып берді.

– Ұйықтап отырғам. Қарсы жаққа шығып кеткен кезде, машина шайқалған кезде оянып кеттім. Сосын тұтқасынан ұстаймын, «Абылай, машина қатты кетіп бара жатыр». Басында білген жоқпын. «Абылай бауырым, тоқтат, тежегішті бас» деп, ұстап алам. Жан-жаққа қарасам, екі жақ темір. Не былай, не былай емес. Өлген жеріміз осы екен дедім. Үш-төрт мәшине өтеді. КаМАЗ келеді, бетпе-бет, бізден қашып үлгереді. Содан біз қызыл машинаға келіп соғыламыз, – деді ол.

Биыл 23 маусым күні сағат кешкі бес шамасында Haval көлігінің жүргізушісі қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан Audi көлігіне соғылып, үш адам қаза тапқан.

Сотталушының туыстары осы күнге дейін марқұмдардың жақындарынан кешірім сұраған екен.

Қайғыдан қара жамылғандар кінәлі азамат әділ жазасын алуы тиіс деп кесіп айтыпты. Алдағы уақытта жәбірленуші тарап келтірілген моральдық және материалдық шығынға азаматтық талап‑арыз береміз деп отыр.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!