Желтоқсаншыларды түсірген фототілші Юрий Беккер қайтыс болды

Новости

20.08.2026,

  в 10:38

77

Юрий Беккер өмірін журналистикаға және Қазақстанның фотошежіресін қалыптастыруға арнады

Белгілі қазақстандық фототілші Юрий Зельманович БЕККЕР 68 жасында кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды Sn.kz.

Марқұмның қазасына байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі оның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен достарына көңіл айтты.

Ведомство хабарламасында Юрий Беккердің көп жылын журналистикаға және Қазақстанның фотошежіресін қалыптастыруға арнағаны атап өтілді. Оның объективіне елдің қоғамдық, саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалармен қатар, мемлекет қайраткерлері, еңбек адамдары және қарапайым азаматтар да түскен.

«Оның фотосуреттері өз дәуірінің адамдары мен оқиғаларын болашақ ұрпаққа жеткізетін Қазақстанның заманауи тарихының бір бөлігіне айналды», – делінген министрлік хабарламасында.

Фототілшінің кәсіби қызметінің едәуір бөлігі «Казахстанская правда» газетімен байланысты болды. Ол соңғы күндеріне дейін редакцияда еңбек етіп, журналистикадағы кәсібіне адалдығын сақтаған.

Әріптестері Юрий Беккерді талантты фотожурналист, жауапкершілігі жоғары, принципшіл әрі өз ісінің кәсіби маманы ретінде еске алды.

Айта кетейік, Юрий Беккер 1987 жылы желтоқсанда Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВ, Түгелбай ТӘШЕНОВ, Жамбыл ТАЙЖҰМАЕВ және Ертай КӨПЕСБАЕВҚА қатысты сот процесінде фототілші ретінде жұмыс істеген. Ол сот залында желтоқсаншыларды суретке түсіріп, кейін тарихи кадрға айналған төрт азаматтың басын тік көтеріп отырған сәтін таспаға түсірген.

Фото: Ақпарат және мәдениет министрлігі.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!