65 жастан асқан жүргізушілер әуре-сарсаңға тап болды

Қайтейік енді

05.08.2026,

  в 15:00

182

65 жастан асқандардың көзі көрмей, құлағы естімей, реакциясы баяулауы мүмкін

Елімізде алпыс бес жастан асқан жүргізушілер медициналық тексеруден ақылы түрде өтеді. Дәрігерлер берген анықтама екі жылға жарамды болмақ. Ал, ақ халаттыларға барып уақытылы қаралмасаңыз жүргізуші куәлігінен айырылуыңыз мүмкін, деп хабарлайды Информбюро 31.

25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты медициналық тексеруді бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Міндетті медкомиссия талабы бұрыннан болғанымен, енді мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде қадағаланады.

Егер жүргізуші белгіленген мерзімде тексеруден өтпесе, оның жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылуы мүмкін.

– Егер сіз 65 жасқа толсаңыз. Асықпаңыздар. Алғашқы медициналық тексеруден 67 жасқа толғанға дейін өтсеңіз болды. Тағы да қайталаймын. 67 жасқа толғанға дейін. Одан кейін берілетін медициналық анықтама екі жылға дейін жарамды. Келесі кезекті медициналық тексеру 69 жаста, одан кейін 71 жаста және осы тәртіппен жалғаса береді. Сондықтан қазір 65 жастағы азаматтарға айтарымыз. Емханаға жаппай барып, кезекке тұрудың қажеті жоқ, – дейді Шыңғыс ӘЛЕКЕШЕВ, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі.

Жүргізушілер лицензиясы бар кез келген медициналық мекемеге барып, анықтама ала алады. Бірақ тексерілу ақылы түрде жүргізілмек. Бағасын Денсаулық сақтау министрлігі әлі бекіткен жоқ. Дәрігерлер мұндай талаптың басты мақсаты – егде жастағы адамдарды көлік жүргізуден шектеу емес, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Себебі 65 жастан кейін адамның көру қабілеті әлсіреп, естуі нашарлауы, реакция уақыты баяулауы мүмкін. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары, қант диабеті немесе жүйке жүйесіне қатысты сырқаттар көлік басқару кезінде қауіп тудыруы ықтимал.

– Комиссия құрылады. Комиссия мүшесінде терапевт немесе жалпы тәжірибелік дәрігер, психиатр, офтальмолог, отоларинголог болады. Және де терапевтің жіберілуімен үміткер медициналық қарап тексерілу бойынша психобелсенді заттарды қолдану-қолданбау бойынша биологиялық ортаны тапсырады, – дейді Айдана ЖЕЛІБАЕВА, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы.

Мамандардың айтуынша, жас мөлшері көлік жүргізуге кедергі емес. Егер адамның денсаулығы қалыпты болса, ол 70-80 жаста да қауіпсіз түрде рөлге отыра алады.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!