Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова Алматы қаласына құны 900 млн теңгені құрайтын жаңа саябақ сыйлады

Люди Q

10.07.2026,

  в 13:00

704

Оқушыларға арналған Тұрақты даму орталығы балаларға экологиялық тәрбие беру бағдарламасының орталығы болады

Шоқан Уәлиханов атындағы жеке меншік мектебінің (Shoqan School)  негізін қалаушылар – кәсіпкер Кенес РАҚЫШЕВ пен эколог Әсел ТАСМАҒАМБЕТОВА Алматы қаласының орталығында орналасқан құны 600 миллион теңге болатын жер телімін сатып алып, оны өтеусіз негізде қаланың коммуналдық меншігіне табыстады.

Сонымен қатар, меценаттар бұл аумақты абаттандыруға 300 миллион теңгеден астам қаражат жұмсап, қала тұрғындары еркін пайдалана алатын жаңа саябақ салуда. Аумағы 0,25 гектар жерге ағаштар, гүлдер мен бұталар отырғызылып, орындықтар орнатылды, жарықтандыру жүйесі жүргізілді және үздіксіз суару жүйесі іске қосылды.

Қазіргі таңда саябақты күтіп-ұстау мен оның инфрақұрылымына қызмет көрсетуді Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова өз қаражаттары есебінен толық қаржыландырып келеді.

Бұл саябақтың құрылысы – Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетованың шамамен 25 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан жүйелі қайырымдылық бағдарламасының бір бөлігі.

2002 жылы ерлі-зайыптылар Қазақстандағы алғашқы қайырымдылық ұйымдарының бірі  «Сәби» жеке қайырымдылық қорын құрды. Қор қызмет еткен жылдары еліміздің өңірлерінде мектептер, балалар үйлері, балаларға арналған шұғыл хирургия орталықтары, инклюзивті спорт алаңдары салынды, тегін робототехника орталықтары ашылды. Мыңдаған адамға атаулы көмек көрсетіліп, 80-нен астам қазақстандық кәсіпкерлерге кәсіптерін дамыту мақсатында қайтарымсыз гранттар берілді.

Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова республикалық деңгейдегі 10-нан астам көмек бағдарламасының авторлары атанып, бұдан бөлек қайырымдылық жобаларына өз қаражаттарынан 180 миллион теңгеден астам қаржы бөлді.

Ал 2026 жылдың қыркүйегінде Shoqan School базасында Тұрақты даму орталығы ашылады. Бұл орталық жүйелі қайырымдылық пен балалардың экологиялық тәрбиесін дамытудағы жаңа кезеңге айналады.

«Сәби» қоры құрылған күннен бастап біздің негізгі басым бағыттарымыз — білім беру, медицина және экология болып келеді. Барлық бастамаларымызда біз мәселеге тереңірек үңіліп, қаламыз бен еліміздің өміріне сапалы әрі жүйелі өзгерістер әкелетін жобаларды зерттеп, жүзеге асыруға ұмтыламыз.

Соңғы төрт жыл бойы Shoqan School базасында 3–11-сынып оқушыларына арналған Shoqan Ecology халықаралық жас ғалымдар байқауын өткізіп келеміз. Біз қазақстандық оқушылардың ғылыми әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін көріп, ерекше шабыттандық.

Тұрақты даму орталығын құру идеясын қолға алғанда, біз оның қазақстандық ғалымдардың, экологтар мен инженерлердің жаңа буынын тәрбиелейтін өзіндік шеберханаға, балалар Қазақстан игілігі үшін ең батыл идеяларын жүзеге асыра алатын тәжірибелік алаңға айналуын мақсат еттік», – дейді эколог, Shoqan School және «Сәби» жеке қайырымдылық қорының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова.

Тұрақты даму орталығында балалар инженерия негіздерін, экологияны, агротехнологияларды және заманауи технологияларды меңгереді. Бағдарлама аясында жасыл қалалық кеңістіктерді жобалау, баламалы энергия көздерін зерттеу, қаланы көгалдандыруға арналған ағаштар мен өсімдіктерді өсіру бойынша практикалық сабақтар өткізу, сондай-ақ Shoqan Ecology форумына және басқа да ғылыми байқауларға қатысу үшін зерттеу жобаларын әзірлеу қарастырылған.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!