Көшедегі ойыншық автоматтарына да тыйым салынуы мүмкін

Қайтейік енді

01.04.2026,

  в 16:00

214

Депутаттарды баланың ақшасын құртып жатқан ойын автоматтары алаңдатып отыр

Сенаторларды түрлі жұмсақ ойыншықты кранмен іліп ойнайтын автоматтар алаңдатып отыр. Аталмыш мәселені көтерген депутат Ғалиасқар САРЫБАЕВТЫҢ пікірінше, ақшаны жұтатын мұндай автомат баланы жастайынан құмар және тәуелді болуға әкеледі, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Сенатордың сөзін сала мамандары да қолдап отыр. Олар жасөспірімдер арасында бұл автоматтарға қызығушылық артқанынан айтады.

Сырты жылтырап «мен мұндалап», шақырып тұратын жұмсақ ойыншық салынған автоматтарды қаланың кез келген сауда орны, көшеден көп кездестіресің. Көбейген сайын тигізетін кесірі де артып бара жатқандай. «Балалар мен жасөспірімдер күнделікті қажетіне арналған ақшасын осы құрылғыларға жиі жұмсайды» деп, мәселені депутаттар да көтеріп жатыр.

– Кран немесе «ұстап ал», «хватай-ка» деп аталатын автоматтың көбейгені алаңдатады. Олар білім, спорт, дамыту орталықтарының, әлеуметтік нысандардың маңына және де ата-анасыз балалар өзі кіре алатын сауда ғимараттарының ішіне көптеп орналастырылған. Балалар мен жасөспірімдер мектеп асханасына, жол ақысына немесе күнделікті қажеттіне арналған ақшасын осы автоматтарға жиі жұмсайтыны туралы ата-аналар мен ұстаздар тарапынан көптеген шағым түсуде. Бұл отбасында жанжалға, материалдық шығынға, балалардың бір-бірін бопсалауға әкелуде. Балаларда дофаминнің жылдам бөлінуі, ойнай берсем деген ниеті, жеңісті күту иллюзиясын тоқтата алмай, ол тәуелділікке әкелетін мінез қалыптастырады, – деді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

Көшенің қай бұрышына қарасаңыз, қаптаған ойын апаратын көруге болады. Еңбектеген балаға дейін қалауындағы ойыншықты ұту үшін барын беруге әзір. Алайда жеңіске жету оңай шаруа емес.

– Осы апаратта ойнап жүргеніме бір жарым жылдан асты. Жалпы, бұл үлкен соманы талап етпейді, бірақ басында 100 теңге, 200 теңге салғаныммен, ертең көп ақшам кетіп қалғанын түсінбей жатамыз. Басында, иә, болады, бір саласың, екі саласың, одан кейін азартқа кіресің. Мұның өзін жасайтын адамдардың да схемасы бар. Басында кейбіреуі ұтқызса, келесіде ұтылғызып та жатады. Кемінде, бір аптада, бір күнде ойнасақ та, 12 мың, 15 мың теңге көлемінде салып жібереміз, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ілияс МЕДЕЛХАН.

Ілияс секілді «ойнаймын» деп опық жеп жатқанның саны қаншама! Арасында оң-солын айыра алмайтын жас жеткіншектер де бар. Қызыққан баланы бірден өзіне елітіп әкететін бұл автоматтар әуелі ішкі құмарлықты оятып, кейін лудоманияға дейін жеткізеді дейді психологтар.

– Бұл жерде бала кішкентай батырмамен бір жеңіп алам деген адамның іштегі бір ләззатын, эмоциясын оятып, оңай нәтижеге жетем деп ойлайды. Сондықтан алаалмай қалса, одан сайын құлшынысын арттырады. Содан кейін жауапкершілік алудан, ішкі тәртібі құлдырай бастайды. Адамды тәуелділікке лудоманияға сол кезде алып келу мүмкін. Өйткені баланың миында «бұл әлемде бәрі оңай, бір батырмамен келе салу керек, барлығы маған беру керек» деп, жауапкершілігін ұмытады, – дейді психолог Жасұлан СЕЙТҚАЛИЕВ.

Ал дәл осы «Хватай-ка» деп аталатын аппараттардың жұмысы қаншалықты заңды? Сөйтсек, мұны реттейтін арнайы ереже де жоқ екен. Ойынның қай санатына да жататыны белгісіз.

– Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңының 6-бабының 1-тармағына сәйкес лицензиялауға жататын қызмет: казино, ойын автоматтар залы, букмекер кеңсе, тотализатор. Ал «Хватайка» ойын автоматтары Қазақстан Республикасының заңнамаларымен реттелмеуіне байланысты, жекеменшік жерде автомат орнату заң бұзу болып табылмайды, – деді Арман АЙТБЕКОВ, Алматы қаласы, Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы сауда бөлімінің бас маманы.

Жұрттың «лудомания» деген сөзді естісе, төбе шашы тік тұрады. Өйткені жағдай мәз емес. Соңғы үш жылда елімізде 440 мыңға жуық адам дәл осы дертке шалдыққан. Басым бөлігі – буыны қатпаған балалар.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!