Қазақстанда АЭС салуға «Росатомның» күйі келмеуі мүмкін

Не дейді-ей

22.07.2026,

  в 16:00

152

Қазақстан мен Өзбекстан «Росатомның» орнына басқа біреуді іздеуі керек

«Росатом» 2025 жылы 1,66 трлн рубль деп көрсетілген инвестициялық бағдарламасын 2026 жылы 900 млрд рубльден астам сомаға қысқартады.

Мемлекеттік корпорацияның басшысы Алексей ЛИХАЧЁВ жобалардың бір бөлігі тоқтатылғаны, енді бірі кейінге шегерілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ операциялық шығындарды биыл 5%-ға, ал 2028 жылға қарай 10%-дан астам қысқарту жоспарланып отыр.

OilPrice басылымының жазуынша, шығындардың қысқаруы Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын күмәнді қылады. Қазақстандағы АЭС-тің құны шамамен 16,5 млрд долларға бағаланған.

Ресей бұл жобаның 85%-ын мемлекеттік экспорттық несие есебінен қаржыландыруы тиіс болатын. Құрылысты 2027 жылы бастап кетеміз, алғашқы энергоблокты 2034 жылы іске қосамыз деп жоспарлаған еді.

Өзбекстанда «Росатом» ірі және шағын реакторлы АЭС кешенінің құрылысын бастап кеткен. Ол елдегі электр энергиясына деген сұраныстың шамамен 15%-ын қамтамасыз етуі тиіс.

Тағы бір жағынан Орталық Азия елдері жалғыз «Росатомға» қарап отырудың қауіпті екенін ақырындап түсініп келеді: Қазақстан екінші АЭС жобасына Қытайдың CNNC ұлттық ядролық корпорациясын тартты, Өзбекстан шағын модульдік реакторлар технологиясы саласында АҚШ-пен ынтымақтастықты дамытып келеді.

Фото: Midjourney.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!