Алматы облысында сегіз үй өртеніп, 30 адам панасыз қалды

Не дейді-ей

01.07.2026,

  в 15:00

249

Қураған терек құлап, тоқ сымын үзіп, сым үйге түсіп өрт шыққан деседі

Алматы облысында бір сәтте сегіз үй өртке оранып 30-ға жуық адам панасыз қалды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Қызыл жалыннан бас сауғалаған жандар қайғылы жайтқа жергілікті әкімдікті кінәлайды. Тұрғындардың айтуынша, тілсіз жаудың шығуына көшедегі уақытында кесілмеген апатты ағаш себеп болған. Қураған терек құлағанда тоқ сымын үзіп, ал ол үйге түсіп өрт шыққан дейді. Кешқұрым уақытта бас сауғалап, өрт кесірінен далада қалған Белбұлақ ауылының халқы болған іске әкімдіктің салғырттығы себеп дейді. Өйткені олар дәл сол тоққа құлаған ағашты оқиғаға дейін алып тастауды сан мәрте сұрағанын айтады.

– Өтініш тастауға бардым. Сол кезде мені Талғарға жіберді Аман деген кісіге, ол Белбұлаққа жіберді. Сөйтіп әрең дегенде өтінішімді тастадым. Олқылық акиматтан болып тұр ғой. Өйткені ағашты кесу керек еді. Санитарный обрезканы жасау керек еді. Уақытында обход жасап, қай жерде қураған ағаш барын, қай жерде құлайтын қауіпті нәрсе бар екенін, – дейді зардап шегуші Кенжегүл НҮСІПОВА.

– Бәріне бардым. Сосын оларға осындай ағаш құлайын деп тұр ғой десем, жоқ-жоқ деп қайтарады. Біз істемейміз дейді. Сосын өзім кесіп алдырта салайын деп те айттым. Егер кестірсеңіз штраф төлейсіз деді. Кестіріп көріңіз, айыппұл саламыз деп шықты. Әй онда маған не керегі бар, – дейді зардап шегуші Айбарша САЛМҰРЗАЕВА.

Әкімдікке өтініш ресми түрде оқиғадан бір күн бұрын түскен. Бірақ олар жұмысқа кірісіп болғанша ағаш құлап арты қайғылы жайтқа ұласты. Мұны ауылдық округ басшысы да жоққа шығарған жоқ. Ал енді неге бірден іске кіріспеген? Әкімнің сөзіне сенсек, кесілетін ағаштардың кезегі бар екен. Яғни, кезек жетіп болғанша ағаш күтпей тоққа құлапты.

– Жауапкершілікті ешкім алып тастап жатқан жоқ. Барлық тиісті шаралар қабылданатын болады. Көмек көрсетіледі. Үйді қалпына келтіруге бола ма, болмай ма, ол қорытынды берілгеннен кейін ғана қарастыралатын мәселе. Анықталғаннан кейін, – деді Еркінбек АБИРОВ, Белбұлақ ауылдық округінің әкімі.

Шатырдан басталған өрт қас-қағым сәтте жапсарлас салынған 8 үйге бірден тараған. Тілсіз жаудың кесірінен баспананың бәрі түгі қалмай жанып кетті. Тұрғындардың айтуынша, қазір үйлердің қабырғасы да әрең тұр, қалпына келтіруге жарамайды. Сондықтан жұрт өртенген үйді толық сүріп, орнына жаңасын салып беруді талап етеді.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!