Интернеттегі танысу алаяқтардың схемасы болуы мүмкін

Ду шапалаq

20.10.2026,

  в 14:00

255

Онлайн-алаяқтар алдаудың түрлі жолдарын табады. Тіпті танысу сайттарында да тіркеліп, әдемі қыз немесе сүйкімді жігіт боп танысып, артынан ақша сұрайды. Жаңа таныстың алаяқ екенін қалай білуге болатынын айтып берейік

Алаяқты бірден ажыратуға бола ма?

Ажырата алмайсыз. Шын танысқысы келетін кәдімгі адам сияқты. Бірден ажырату қиын болады. 

Олар қалай алдайды?

Негізінен үш схема болады:

  • Киноға шақыру. Бірге киноға баруды ұсынып, билет сатып алуға арналған сілтеме жібереді. Ол сілтеме қорғалмаған сайтқа апарады. Сіз банк картаңыздың деректерін енгізген кезде, алаяқтар оны жып еткізеді. Бітті, бар ақшаңыз қолды болды дей беріңіз.
  • Қарызға ақша сұрау. Бұл схема тым қарапайым: алаяқтар сенімге кіріп, ауырып жүрмін, өйттім-бүйттім деп қара аспанды төндіріп, небір оқиғаны ойлап тауып, қарызға көп ақша сұрайды. Сіз ақшаны аударған бойда ізім-ғайым жоқ боп кетеді.
  • Инвестиция салуды ұсыну. Мұндай алаяқтар «тәжірибесімен бөлісіп», инвестиция арқылы көп ақша тапқанымен бөсе бастайды. Сөйтіп «инвестиция менеджерінің» байланыс деректерін немесе белгілі бір жобаға ақша салуға болатын сайтты қуана ұсынады. Шындығында ешқандай инвестиция жоқ. «Инвестициялаған» ақшаңыздың бәрі тікелей алаяқтардың қалтасына түседі.

Сонда интернеттен билет сатып алу қауіпті ме? 

Жоқ. Бірақ киноға немесе концертке билет сатып алғанда, сауданы ресми сайтта жасап жатқаныңызға көз жеткізіңіз. Әдетте шын билет сататын платформалар іс-шаралардың афишаларында көрсетіледі.

Қарызға ақша беруге болмай ма? Біреу шынымен қиындыққа тап болса да?

Шала таныс адамдарға қарызға ақша беру – күмәнді тірлік. Біреуге ақша аудармас бұрын, сол ақшадан біржола айырылып қалуға дайынсыз ба, ойланып көріңіз.

Инвестиция деген әңгімеге сенуге болмай ма?

Біреудің инвестиция салып, бірден байып кеткені туралы ертегілергі сенудің қажеті жоқ. Өмірде ондай сирек болады. Жалпы, интернетте танысқан, өзіңіз онша танып-білмейтін адамның сөзіне сеніп, ақша салу – жөн шешім емес.

Танысу сайттарындағы алаяқтарға тап болмау үшін не істеу керек?

Біріншіден, сақ болыңыз және ғашықтық сезімі ойлау қабілетіңізді жеңіп кетпесін.

Екіншіден, банк картаңыздың деректерін ешкімге айтпаңыз, сондай-ақ SMS арқылы келген кодтар мен құпиясөздерді бөтен адамдарға бермеңіз.

Үшіншіден, онша таныс емес адамдар жіберген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және ондай сайттарға жеке деректеріңізді енгізбеңіз.

«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында танысу сайттарында қыз боп отыратын алаяқтар туралы бейнеролик шықты. Мұндай схеманың қалай жұмыс істейтінін көріңіз.

Айта кетсек, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен алаяқтардың құрбаны болмау үшін олардың алаяқтық схемалары туралы бейнероликтердің тұтас сериясын түсірді. Видеоларды Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасынан көруге болады.

Фото: youtube.com/@kaspikz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!