«Жиенімізге дауыс бер!». Онлайн-алаяқтар қалай алдайды

Ду шапалаq

13.06.2026,

  в 14:00

138

Алаяқтар сіздің атыңыздан фишингтік сілтемелер таратады, ойдан оқиға шығарып, таныстарыңыздан қарызға ақша сұрайды

Байқауға қатысатын балаларға дауыс беруді сұрау – алаяқтық схемасының кең таралған түрі болды. Бұл мақалада оның қалай жұмыс істейтінін және одан қалай сақтану керектігін түсіндіреміз.

Схема қалай жұмыс істейді?

Әдетте WhatsApp немесе Telegram арқылы таныс адамнан мынадай хабарлама келеді: «Сәлем! Мына қызға дауыс беріп жіберші. Ол менің жиенім. Байқауға қатысып жатыр, жеңіске жетуіне аз ғана дауыс жетпей тұр».

Хабарламада міндетті түрде дауыс беретін сайтқа апаратын сілтеме тұрады. Ол балалардың суреттері мен дауыс санауыштары бар кәдімгі сайт сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ «дауыс беру» үшін телефон нөміріңізді және SMS арқылы келетін кодты енгізу қажет болады.

Осы әрекетті жасаған сәтте сіз WhatsApp немесе Telegram мессенджеріндегі аккаунтыңызды алаяқтардың қолына тапсырасыз. Кейін олар сіздің атыңыздан фишингтік сілтемелер таратып немесе туыстарыңыз бен достарыңыздан қарыз сұрап, сіздің қиын жағдайға тап болғаныңыз туралы жалған ақпарат жібереді.

Маған жазған танысым алаяқ па?

Жоқ. Алаяқтар танысыңыздың аккаунтын бұзып кіріп, хабарламаларды оның атынан таратып отыр. Егер сіз оларға сеніп, сілтеме арқылы өтсеңіз, олар сіздің де аккаунтыңызды ұрлауы мүмкін. Содан кейін дәл осындай хабарламалар сіздің атыңыздан жақындарыңызға жіберілуі мүмкін.

Мен сілтемені бастым, бірақ ешқандай код енгізген жоқпын. Ендеше бұлар алаяқтар емес пе?

Кей жағдайда алаяқтарға сіздің мессенджеріңізге қол жеткізу үшін код қажет емес.

Мысалы, интернетте «дауыс берушілерге» Telegram арқылы «верификациядан өтуді» ұсынған жағдайлар сипатталған. Ол үшін пайдаланушылардан телефон нөмірін енгізіп, QR-кодты сканерлеу сұралған. Осыдан кейін аккаунт алаяқтардың қолына өткен.

Мен сілтемеге өтіп, телефон нөмірімді қалдырдым, бірақ әлі де мессенджерді пайдаланып жүрмін. Демек, бәрі дұрыс па?

Сіздің атыңыздан хабарлама жіберу үшін алаяқтарға міндетті түрде аккаунтыңызды толық тартып алудың қажеті жоқ. Кейде оларға басқа құрылғы арқылы аккаунтыңызға кірудің өзі жеткілікті.

WhatsApp пен Telegram сияқты көптеген мессенджерлер бірнеше құрылғыда қатар жұмыс істей алады. Мысалы, сіздің смартфоныңызда және алаяқтардың ноутбугында.

Мен сілтемеге өтіп, телефон нөмірімді енгізіп қойдым. Не істеуім керек?

Егер алаяқтар мессенджеріңізге қол жеткізді деп күмәндансаңыз, «Баптаулар» бөліміне кіріп, «Қосылған құрылғылар» тармағын таңдаңыз. Содан кейін «Барлық құрылғылардан шығу» батырмасын басыңыз.

Осылайша мессенджер тек өз құрылғыңызда ғана жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізесіз.

Сонымен қатар екі факторлы аутентификацияны қосу аккаунтыңызды қорғауға көмектеседі. Мұны аккаунтыңыздың «Баптаулар» бөлімінен жасауға болады.

Менің атымнан хабарламалар тарап кеткен сияқты. Не істеймін?

Туыстарыңыз бен жақындарыңызға аккаунтыңыздың бұзылғанын дереу хабарлаңыз. Оларға сіздің қарызға ақша сұрамағаныңызды және сіздің атыңыздан келген күмәнді сілтемелерге өтпеу керектігін түсіндіріңіз.

Ал дауыс берудің шын екенін қалай анықтауға болады?

Егер сізден біреуге дауыс беруді сұрап, бірақ күмәнданып тұрсаңыз, хабарлама авторына қоңырау шалыңыз немесе басқа мессенджер арқылы жазыңыз.

Шынымен байқауда қолдау қажет пе, әлде оның атынан хабарламаны алаяқтар таратып отыр ма – соны нақтылап алыңыз.

Таныстарым менің өтінішім деп ойлап, алаяқтарға ақша аударып қойыпты. Банк аударымды кері қайтара ала ма?

Жоқ. Егер ақша аударымы ерікті түрде жасалса, банк оны кері қайтара алмайды.

Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңына сәйкес, алушының келісімінсіз ақша аударымын қайтаруға тыйым салынған.

Егер сіз алаяқтарға ақша аударып қойған болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгінуіңіз қажет.

Алаяқтардан қорғану шындығында сонша қиын емес.

Киберқылмыскерлердің тұзағына түспеу үшін күмәнді сілтемелерді баспаңыз, тіпті оны таныстарыңыз жіберсе де. Егер біреу сізден қарызға ақша сұраса, міндетті түрде оған қоңырау шалып, сұрау керек.

Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңізді, ақшаңызды және жеке деректеріңізді қорғай аласыз.

«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында балалар байқаулары мен басқа да дауыс берулерге қатысты алаяқтық схемалар туралы арнайы бейнеролик жарық көрді. Онда алаяқтардың қалай әрекет ететіні көрсетілген.

Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен алаяқтықтың ең кең таралған схемалары туралы бейнероликтер сериясын дайындады. Оның мақсаты – алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндіру.

Бейнероликтерді Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасынан көруге болады.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!