Қайтейік енді
07.10.2026,
в 15:00
135
Елімізде жастардың дені үйлену тойларынан бас тартып жатыр. Ғашықтар тойға шашылғанша, сол ақшаға баспана алғанды жөн көретін болды, деп хабарлайды Информбюро 31.
Қазақстанның қоғамдық даму институтының зерттеуіне сүйенсек, батыс пен шығыс өңірлердің тұрғындары қаражат болмаса, қарызданып той жасауға қарсы екендерін айтқан.
Қалыңдықтың көз тартар көйлегі, сән-салтанатты мейрамхана, алыс-жақыннан құттықтап келген жүздеген ағайын-туыс. Шаңырақ көтеруді жоспарлаған көп ғашық үйлену сәті дәл осылай өтсе деп армандайтын. Алайда сарапшылар соңғы уақытта жастар арасында бұл көзқарас өзгеріп келеді дейді. Яғни, көпшілік енді шығыны көп тойдан гөрі сол қаражатқа баспаналы болуды қалайды.
Қазақстан қоғамдық даму институты мамандарының зерттеуінше, батыс пен шығыс өңірлерінің тұрғындары қымбат той жасауға қарсы. Павлодар, Қостанай облыстарының жастары да сол ақшаға пәтер алғанды жөн көреді. Ал Алматы, Түркістан, Ақтөбе тұрғындарының көбі керісінше, дүркіретіп той жасау керек деп есептейді.
Қазір тойды көптің көңілінен шығатындай ұйымдастыру үшін шынымен бір пәтердің құнына жуық қаражат жұмсауға тура келеді. Ал мұндай шығынның жаңа өмірге қадам басқан қос ғашықтың болашағына тиімсіз екеніне көпшіліктің көзі жетті дейді сарапшылар.
– Бұл қаржыны салтанатты рәсімдерге жұмсап жоқ қылған тиімді ме, әлде оны басқа да өзіміздің жыртығымызды жамауға қолданған әлдеқалай жақсырақ па деген сияқты осындай тікелей сұрақты өз-өзіне қоя біледі. Бұрын мысалы отбасын құруда отбасы, әулеті, туыстары деген сияқты әлеуметтік нормалар ықпал етуші еді ғой той жасауда. Ал қазіргі таңда индивидуалды құндылықтарға басымдық береді, – дейді әлеуметтанушы Нұрсұлтан ҚАРАЖАН.
Яғни бұл үрдіс – тойларда орындалатын ұлттық дәстүрлерден түбегейлі бас тарту деген сөз емес дейді мамандар. Тек көпшілік дарақылыққа жол бермеуге тырысып жатыр деген пікірде. Сол себепті алдағы уақытта үйлену сәтін қолда бар қаражатпен шағын қылып ұйымдастыратындар әлі де көбейеді деп болжайды.
Фото: yandex.kz.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
01.10.2026,
09:00
06.10.2026,
18:00
01.10.2026,
13:30
05.10.2026,
21:12